Teniz Resources Ltd. («Teniz Resources» немесе «Компания») Central Asia Metals plc («CAML») компаниясының 100% еншілес ұйымы CAML XD Limited-пен («CAML XD») Солтүстік-Орталық Қазақстандағы Teniz геологиялық барлау жобасының құрамына кіретін № 3308-EL барлау лицензиясына қатысты опциондық келісім («Опциондық келісім») жасалғаны туралы хабарлайды.
Опциондық келісім CAML XD компаниясына № 3308-EL лицензиясына байланысты активті келісімде көзделген талаптармен сатып алуға айрықша құқық береді.
Қол жеткізілген уағдаластықтар аясында CAML XD лицензиялық аумақтың геологиялық әлеуетін одан әрі бағалауға бағытталған, бұрғылау жұмыстарын қоса алғанда, келісілген геологиялық барлау бағдарламасын қаржыландырып, іске асыратын болады.
CAML-мен ынтымақтастық Teniz жобасын дамытудағы маңызды кезең болып табылады және Қазақстанда көпжылдық жұмыс тәжірибесі бар халықаралық тау-кен компаниясының қатысуымен жобаның перспективалы учаскелерінің бірін одан әрі зерттеуге мүмкіндік береді.
CAML командасының тәжірибесі мен кәсіби құзыреті № 3308-EL лицензиясы аумағындағы геологиялық барлау бағдарламасын тиімді іске асыруға және жобаны одан әрі жүйелі дамытуға ықпал ететініне сенімдіміз.
Teniz — Солтүстік-Орталық Қазақстандағы Теңіз шөгінді бассейні шегінде орналасқан, шөгінді типтегі ірі мыс кен орындарын іздеуге бағытталған ауқымды геологиялық барлау жобасы. Жоба жалпы ауданы шамамен 1 920 км² болатын тоғыз барлау лицензиясын біріктіреді және USGS өңірлік бағалауының нәтижелері бойынша перспективалы деп айқындалған учаскелерді қоса алғанда, бассейннің перспективалы аумағының елеулі бөлігін қамтиды.
Жобаның геологиялық тұжырымдамасы шөгінді типтегі мыс кен орындарына тән кен түзуші жүйенің негізгі элементтерінің Теңіз бассейнінде болуына негізделген. Жезқазған мыс кенді ауданы орналасқан Теңіз және Шу-Сарысу бассейндерінің геологиялық құрылысының бірқатар элементтерінің ұқсастығы Teniz жобасының іздеу моделінің негізгі алғышарттарының бірі болып табылады.
Тарихи материалдар мен заманауи жұмыстардың нәтижелері мыс минералдануының және ауқымды іздеу белгілерінің бар екенін көрсетеді. Қолда бар деректерді кешенді интерпретациялау нәтижесінде жоба аумағында негізгі өткізгіш горизонттармен, ірі құрылымдық аймақтармен және белгілі мыс көріністерімен байланысты кемінде бес басым іздеу аймағы анықталды.
Teniz Resources Ltd. — Teniz жобасын іске асыру және дамыту мақсатында құрылған қазақстандық геологиялық барлау компаниясы. Компания халықаралық салалық тәжірибені Қазақстанның геологиясы мен геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу жағдайларын терең түсінумен ұштастырады.
Central Asia Metals plc («CAML») — акциялары Лондон қор биржасының AIM нарығында айналымда болатын түсті металдарды өндірумен айналысатын компания.
Компания Қазақстанда және Солтүстік Македонияда қызметін жүзеге асырады. CAML Орталық Қазақстандағы Қоңырат мыс өндіру кәсіпорнының 100%-ына және Солтүстік Македониядағы Sasa мырыш-қорғасын кенішінің 100%-ына иелік етеді.
CAML Қазақстанда геологиялық барлау бағытын да дамытып келеді. CAML XD — CAML-дің 100% еншілес компаниясы, ол Қазақстанда жоғары құрамды түсті металл кен орындарын анықтауға бағытталған ерте кезеңдегі геологиялық барлауға маманданған.
Қосымша ақпарат алу үшін
Teniz Resources Ltd.
Астана, Қазақстан Республикасы
tenizresources@gmail.com