AMG және Zijin алтын мен критикалық минералдар саласындағы стратегиялық ынтымақтастықты кеңейтеді

AMG Ltd. («AMG») және Zijin Mining Group Northwest Geological Exploration Co., Ltd. («Zijin») бүгін Тяньцзинь қаласында өтіп жатқан 28-ші халықаралық China Mining Conference and Exhibition (2026) аясындағы Kazakhstan Day іс-шарасы барысында алтын мен критикалық минералдар саласындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы өзара түсіністік меморандумына қол қойды.

Жаңа Меморандум AMG мен Zijin арасындағы 2023 жылы алғашқы Меморандумға қол қоюдан басталған жүйелі ынтымақтастықтың жалғасы болып табылады және тараптардың өзара іс-қимылын Қазақстан мен Орталық Азиядағы перспективалы минералдық-шикізат жобаларын бірлесіп бағалау және геологиялық зерттеу бағытында кеңейтеді.

Серіктестік Zijin-нің жаһандық ауқымын, тау-кен саласындағы мол тәжірибесін, озық технологиялары мен инвестициялық-техникалық мүмкіндіктерін AMG-дің геологиялық барлау саласындағы сараптамасымен, меншікті жобалар портфелімен, жергілікті инфрақұрылымымен және Қазақстан геологиясын терең білуімен ұштастырады. Тараптардың бірін-бірі толықтыратын құзыреттері алтын мен критикалық минералдар саласындағы перспективалы жобаларды жүйелі бағалау және одан әрі дамыту үшін берік негіз қалыптастырады.

Globmine Resources — бірлескен геологиялық зерттеудің алғашқы басым жобасы

Ынтымақтастықтың жаңа кезеңі шеңберінде тараптар Қазақстан Республикасының Балқаш-Саяқ өңірінде орналасқан Globmine Resources алтын жобасын алғашқы басым жоба ретінде айқындады. Жоба қатты пайдалы қазбаларды барлауға арналған төрт лицензияны қамтиды.

Ағымдағы далалық маусымда жобада геологиялық барлау жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Ынтымақтастық аясында Zijin жобаның қазіргі нәтижелерімен және техникалық материалдарымен танысуға, жобаны бірлесіп геологиялық және техникалық зерттеуге қатысуға, сондай-ақ ресурстық әлеуетті бағалау, басым іздеу нысандарын айқындау және геологиялық барлаудың келесі кезеңдерін жоспарлау барысында өзінің халықаралық тәжірибесі мен технологиялық құзыреттерін қолдануға мүмкіндік алады.

Жұмысты үйлестіру мақсатында тараптар AMG және Zijin компанияларының техникалық, инвестициялық және коммерциялық мамандарынан тұратын бірлескен жұмыс тобын құруды жоспарлап отыр. Алғашқы кезеңде жұмыс тобы Globmine Resources жобасын зерттеуге, қолда бар геологиялық және геофизикалық деректерді бағалауға және одан әрі өзара іс-қимылдың жол картасын әзірлеуге назар аударады.

Бірлескен зерттеу нәтижелері және жобаның оң бағасы негізінде тараптар кейінгі ынтымақтастықтың ықтимал инвестициялық және корпоративтік форматтарын, оның ішінде геологиялық барлау мен жобаны дамытудың келесі бағдарламаларын қаржыландыру мүмкіндігін қарастыра алады. Бағалау нәтижелері оң болып, тиісті шешімдер қабылданған жағдайда ынтымақтастық геологиялық барлау мен ресурстарды бағалаудан бастап техникалық-экономикалық негіздеме, құрылыс және өнеркәсіптік пайдалануға дейінгі жобаның кейінгі кезеңдерін қамтуы мүмкін.

Globmine Resources жобасынан бөлек, Меморандум Қазақстан мен Орталық Азияда алтын және критикалық минералдар саласындағы жаңа ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастыру үшін кең ауқымды платформа қалыптастырады.

AMG Ltd. Бас директоры Саид Сұлтанов:

«Globmine Resources — командамыздың ауқымды еңбегінің нәтижесі және Қазақстанның геологиялық әлеуетіне деген сеніміміздің көрінісі. Бұл көзқарасты халықаралық тәжірибесі мол және техникалық сараптамасы жоғары Zijin компаниясының да қолдайтынына қуаныштымыз.

Zijin-мен ынтымақтастық барысында біз олардың ашық диалогқа дайындығын, серіктестерге деген құрметін және бірлескен жұмысқа жауапкершілікпен қарайтынын көріп келеміз. Дәл осы қасиеттер өзара сенім мен ұзақ мерзімді серіктестік үшін берік негіз қалыптастырады.

AMG үшін жобаларды дамыту табиғатқа ұқыпты қарау және жергілікті қоғамдастықтардың мүдделерін ескерумен тығыз байланысты. Тәжірибе алмасу мен заманауи технологияларды қолдану Қазақстанның әлеуетін бірлесіп әрі жауапкершілікпен ашуға және еліміз үшін ұзақ мерзімді құндылық қалыптастыруға мүмкіндік беретініне сенімдімін».

AMG Ltd. туралы

AMG Ltd. — минералдық-шикізат жобаларын генерациялауға, геологиялық барлауға және дамытуға маманданған қазақстандық компаниялар тобы.

AMG геологиялық, геофизикалық және техникалық құзыреттерді, жергілікті инфрақұрылымды және Қазақстандағы жобаларды іске асырудың практикалық тәжірибесін біріктіреді. Топ перспективалы жобалардың меншікті портфелін қалыптастырып, жергілікті сараптаманы халықаралық технологиялармен, капиталмен және салалық тәжірибемен ұштастыра отырып, халықаралық тау-кен және инвестициялық компаниялармен серіктестікті дамытып келеді.

Zijin Mining туралы

Zijin Mining — әлемдегі жетекші металлургиялық және тау-кен компанияларының бірі әрі алтын, мыс және мырыш өндіретін ірі жаһандық өндірушілердің бірі. Топтың бес құрлықтағы 19 елде 30-дан астам ірі тау-кен кәсіпорны мен жобасы бар және ғылыми-зерттеу, инженерлік және технологиялық бағыттарда қуатты ішкі құзыреттерге ие.

Zijin Mining Group Co., Ltd. акциялары Гонконг қор биржасында (HKEX: 2899) және Шанхай қор биржасында (SSE: 601899) саудаланады